АҚШ қазақстандықтардың виза бойынша өтініштерінің 46% кері қайтарған

АҚШ былтыр Қазақстан азаматтарының B-1/B-2 категориясына кіретін виза түрі бойынша өтініштерінің 46% астамын кері қайтарған. Бұл жөнінде АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінде айтылады.

B-1/B-2 визалары АҚШ-қа уақытша іссапарға (B-1) немесе туризмге, демалысқа (B-2) барғысы келетіндерге беріледі. Бұл визаны алу үшін өтініш берушілер АҚШ-тан қайтып кететінін дәлелдеуі керек.

Визалық шектеу бойынша Қазақстан Орталық Азия елдері арасында үшінші орында тұр: Өзбекстан — 64,41%, Түркіменстан — 58,8%, Қазақстан — 46,29%, Тәжікстан — 45,24% және Қырғызстан – 39,14%.

ТМД елдері арасында бұл бойынша көрсеткіш әрқалай: Әзербайжан — 21,46%, Армения — 59,46%, Беларусь — 28,79%, Ресей — 38,56%.

Әлем бойынша ең жоғары көрсеткіш Лаоста — 82,84%. Алғашқы бестікте Гвинея-Бисау (76,59%), Сенегал (74,65%), Сомали (77,02%) және Гвинея (70,25%) тұр.

Ең төменгі көреткіш БАӘ — 1,46%, Кипр — 2,16%, Румынияда— 2,61%.

Сәуір айында АҚШ-тың Өзбекстандағы елшісі Джонатан Хеник өзбек азаматтарының визаның мұндай түрін ала алмауына осындай визамен барған өзбек азаматтарының АҚШ-та қалып қоюы себеп екенін мәлімдеген.