Әзербайжандық саясаттанушы Бахруз Самедов мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен 15 жылға түрмеге қамалды

Әзербайжандық саясаттанушы Бахруз Самедов

Әзербайжан соты саясаттанушы Бахруз Самедовты Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша (мемлекетке опасыздық жасау) айыпты деп танып, 15 жылға бостандығынан айырды. Бұл туралы Азаттықтың Әзербайжан қызметі - Азадлыг радиосы хабарлады.

Самедовтың адвокаты Зибейда Садығова үкімді негізсіз әрі әділетсіз деп санайды. Қорғаушы тарап үкімге келіспейтіні туралы шағым түсірмек.

Мемлекеттік айыптаушы соттан Бахруз Самедовқа 16 жыл түрме жазасын сұрағаннан кейін саясаттанушы аштық жариялаған. Садығова Самедов төрт күннен бері тек су ішіп жатқанын, денсаулығы қатты нашарлап кеткенін айтты. Қазір Самедов Бакудегі тергеу абақтысындағы медицина бөлімінде жатыр.

Самедов өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Сот отырысында ол тұтқындалғанға дейін алты жыл бойы Әзербайжанда тұрмағанын және құпия ақпаратқа қол жеткізбегенін айтты.

"Мен ешбір мемлекеттік органда жұмыс істеген жоқпын. Қолымда ешқандай құпия құжат болған емес. Менде жоқ мемлекеттік құпияларды басқа адамға қалай беруім мүмкін?" – деді ол.

Бахруз Самедов Прагада тұрған және Карл университетінде докторлық диссертация жазған. 2024 жылы ол Бакуге демалысқа келген, ал 21 тамызда ұсталған. Саясаттанушы өзіне жасалған қысымды соғысқа қарсы ұстанымымен және Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт диалогқа шақыруымен байланыстырады.