Мәжіліс жаңа салық кодексіне сенат ұсынған түзетулермен келісті. Құжат президентке қол қоюға жіберілді.
- Сенат cалық кодексіне 131 түзету енгізді. Оның ішінде 41 позиция бойынша кодекстің тұжырымдамалық тұстарын өзгертпейтін жаңа нормалар ұсынылды. 70 позиция бойынша мәтін, сондай-ақ өтпелі ережелер мен жекелеген нормативтік құқықтық актілерді енгізу мерзімдері нақтыланған және жетілдірілген. Ал 20 позицияда салық саласында әкімшілендіру бойынша нормалар нақтыланады, - деді мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев палатаның жалпы отырысында.
Ілеспе заң бойынша сенат 35 позиция енгізген. Олар редакциялық және нақтылау сипатына ие. Мәжіліс өзгерістермен келіскен.
Дүйсенбі күн жаңа түзетулерді сенат қарап, бірқатар ұсыныстармен мәжіліске қайтарған еді.
Олар өзге жайттармен қатар шаруа немесе фермер қожалықтарының кірістері бойынша жеке табыс салығына прогрессивті салық салуды енгізуді, төлем карточкаларына байланысты операцияларды қосымша құн салығынан (ҚҚС) босатуды, сән-салтанат заттарына салық салу бойынша жеке нормаларды белгілеуді ұсынған.
Құжатта қосымша құн салығы (ҚҚС) көлемін 16%-ға дейін арттыру, оның межесін 40 млн теңге көлемінде бекіту қарастырылған. Өзгерістер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Жаңа өзгерістерге сай, медицина саласында қосымша құн салығы тек ақылы қызметтерге салынбақ. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап басып шығару, археология – қосымша құн салығын төлеуден босатылады. Жоба қабылданса, әлеуметтік саладағы корпоративтік табыс салығы – 2026 жылдан бастап 5%, ал 2027 жылдан бастап 10% болмақ. Корпоративтік табыс салығы банк секторы және ойын бизнесі үшін 25% болуы мүмкін. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін мөлшерлеме 3 пайыз деңгейінде өзгеріссіз калмақ.
Қазіргі қолданыстағы заң бойынша, жылдық тауар айналымы 73 млн 840 мың теңгеден асатын кәсіпкерлер ғана қосылған құн салығын төлеуге міндетті. Бұған дейін үкімет салықтың бұл түрін жылдық тауар айналымы 15 млн теңгеден басталатын кәсіпкерлерге енгізуді ұсынған. Бұл ұсыныс қоғамда қызу талқыланған. Одан кейін оның межесі 40 млн теңге болып белгіленді.
Қосымша құн салығы – Қазақстанда сатылатын тауарлар (отандық және шетелден әкелінген) мен көрсетілетін қызмет бағасына қосылған жанама салық түрі, мемлекеттік бюджет кірісінің маңызды көздерінің бірі.